"Қызылсай" мемлекеттік өңірлік табиғи паркі тазалау жұмыстары кезінде 52 бұлақ көзін ашты, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Қазіргі уақытта “Қызылсай” паркі аумағындағы Ман Ата асуының шығысында орналасқан Қызыл қуыс пен “Манашы” қаумалындағы Нәрік ишан бұлағының көзін аршылып, аңдарға қолайлы жағдай жасаған. Мәселен, Қызыл қуыс бұлағынан арқар қарақұйрық, қоян, қасқыр, түлкі секілді түз тағылары су ішеді. Бұл арнасы шыңның астында орналасып, маңайын қаулай өскен қамысты шөптердің биіктігі 1,5-2 метрге дейін жетеді.
"Қызылсай" мемлекеттік өңірлік табиғи паркінің басшысы Мыңберген Қаратауов "Манашы" қаумалы аумағында мекен ететін дала жануарлар мен өзге де аңдар тұрақты түрде Нәрік ишан суатына құлайтынын атады. Жарты гектар алқапты алып жатқан бұлақ көзінің маңайында қамыс тектес шөптер жайқалып өскен. Сондай-ақ, ол кейбір аумақта мұнай кен орны аумағында қолдан су ішіп отырған қарақұйрықтар барын атап өтті.
"Жалпы Маңғыстауда ұзындығы әр түрлі қашықтықты құрайтын бұлақтар көп. Біз осыған дейін парк аумағынан 52 бұлақ көзін анықтап, олардың көзін аршыдық. Бұрын далалық бұлақтардың көбінен аң-құстар су ішетін. Кейін олардың басым бөлігі бітеліп, суы тартылып қалған. Биылдан бастап қолға алынған кешенді жұмыстардың нәтижесінде елуден астам бұлақты тазалады. Бұл орындардан аңдардан бөлек, Сай-Өтес, Үстіртегі үй жануарлары да су ішеді. Өздеріңізге мәлім, паркке қарасты 4 қаумал бар. Оның ішінде тек Адамтаста ғана бұлақ көздері жоқ. Біз бұлақтарды ашу арқылы аңдардың су ішуіне мүмкіндік жасап отырмыз. Ал су ішкен аңдар қаумалдан басқа жаққа ауып кетпейді. Былтыр Тасорпадағы құдықты тазалап, қолдан суаруды жолға қойдық. Осы арқылы қарақұйрықтар үнемі келетін болды. Сол арқылы олардың санын анықтауға да мүмкіндік туып отыр. Мысалы, былтыр олардың саны 14 бас болса, қазір қолдан орнатқан фотоқақпан арқылы 39 қарақұйрық барын анықтады", - деді Мыңберген Қаратауов.
Бұдан бөлек, "Қызылсай" паркінде қазір арқарлар төлдеп жатыр.
"Наурыз айының соңы мен мамыр айына дейін арқарлар төлдейді. Осы орайда біз парк аумағындағы тыныштықты қамтып, көлік, мотоцикл секілді техникалардың жүрмеуін қадалағап отырмыз. Сонымен бірге, дрон ұшырмау да аса маңызды. Себебі, төлдеу кезінде арқарларға тыныштық аса қажет. Ал мамыр айында қарақұйрықтар төлдей бастайды. оған қатысты парк инспекторлары тиісті шараларды қолға алып, аңдардың техникадан үркімеуін қамтамасыз етеді", - деді Мыңберген Қаратауов.